Алматы облысындағы колонияда сотталушылар арасында жанжал шықты. Бұл факт бойынша қызметтік тексеру және сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлады республиканың Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
"5 қазан күні қауіпсіздігі орташа деңгейдегі ЛА-155/14 мекемесінде бірнеше сотталушы арасында тұрмыстық жанжал болды. Мекеме ұжымы мен Ұлттық Ұлан әскери қызметкерлері сотталушылардың заңсыз әрекеттерінің одан әрі өрбуіне, жаппай тәртіпсіздіктерге жол бермеді. Зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Үш сотталушы Қапшағай қаласының ауруханасына жатқызылды. Олар дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазір мекемеде жағдай тұрақты. Аталған факті бойынша сот алды тергеу және қызметтік тексеру басталды", – деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін мекемеге қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығы, арнайы прокурор, сондай-ақ Ұлттық алдын алу механизмі және қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері барды.