Алматы облысындағы Көлсай көлдері аумағында жылан шаққан 16 жастағы қызға Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, аумақта кезекшілік атқарып жүрген жедел-құтқару жасағының қызметкерлеріне демалушылар жасөспірімді жылан шаққаны туралы хабарлаған. Құтқарушылар қызға әмбебап құтқару бекетінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін қызметтік автокөлікпен медициналық мекемеге жеткізді.
Осыған байланысты ТЖМ тұрғындарға табиғат аясында демалу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Мамандар белгіленген соқпақтардан шықпауға, демалыс орнын мұқият тексеруге және жыландарға жақындамауға кеңес береді. Ал жылан шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарласу қажет.