Аустралияда қолтырауындар мекендейтін Фицрой өзені 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жарыстарын өткізуге қауіпсіз деп танылды. Бұл туралы Квинсленд штатының үкіметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Риа Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Тәуелсіз сарапшылар суда зерттеу жүргізген. Осылайша Халықаралық академикалық есу федерациясы (World Rowing) мен Халықаралық каноэ федерациясы (Paddle Worldwide) бұл орын академикалық есу мен каноэдан өтетін олимпиадалық және паралимпиадалық жарыстар үшін қауіпсіз екенін растады. Федерация өкілдері жарыс өтуі тиіс орынды арнайы барып көрген.
"Фицрой тексерістен өтті. Бәрі ресми түрде бекітілді. Нақты шешім қабылданды", – деді Квинсленд премьері Дэвид Крисафулли.
Ол олимпиада жарыстарын өткізу арқылы өңірде жаңа инфрақұрылым пайда болып, туристер ағыны көбейетінін айтты.
Фицрой өзені қолтырауындардың мекені саналатындықтан, бұл жарыс орны қызу талқыға түскен болатын.