Қолжетімді баға және кең таңдау: Астанада демалыс күнгі жәрмеңке өтіп жатыр

124

Астанада 17-18 қаңтар күндері дәстүрлі демалыс күнгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қолжетімді баға және кең таңдау: Астанада демалыс күнгі жәрмеңке өтіп жатыр

Іс-шара отандық өндірушілерді қолдау және қала тұрғындарын қолжетімді бағада жаңа піскен өніммен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған.

Жәрмеңке 17 және 18 қаңтар күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Алаш тасжолы, 35Б мекенжайында орналасқан Keryen Joly сауда орталығында жұмыс істейді.

Жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін мұнда Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Келушілерге ет және ет өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер, сүт және ұн өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, табиғи шырындар, тосап пен джемдердің кең ассортименті ұсынылады.

"Біз ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қала тұрғындары жаңа піскен өнімді арзан бағада сатып алуы үшін өткізіп отырмыз. Бұл – фермерлер үшін де ыңғайлы алаң. Ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін делдалсыз, тікелей қала тұрғындарына сата алады", – деді Keryen Joly сауда орталығының коммерциялық директоры әрі жәрмеңке ұйымдастырушысы Айтуған Күзербаев.

Жәрмеңкеге Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстары және басқа да өңірлердің өкілдері қатысуда. Негізгі басымдық ет өнімдеріне берілген. Сонымен қатар Қызылорда облысынан картоп пен күріш, Қарағанды мен Павлодардан ұн, Түркістан және Алматы облыстарынан жеміс-жидек жеткізілген.
Қыс мезгілінде жәрмеңкеде импорттық өнімдер де төмендетілген бағада ұсынылады.

Кәсіпкерлер мұндай жәрмеңкелер сатушылар мен сатып алушылар үшін де тиімді екенін атап өтуде.

"Біз үшін бұл үлкен қолдау. Өз өнімімізді көпшілікке ұсынуға мүмкіндік бар, ал сатып алушылар сапалы тауарды дүкендегіден арзан бағаға алады. Әсіресе шетелден әкелінетін тауарлар өте тиімді – бағасы бірнеше есе төмен болады", – деді сатушылардың бірі Айсұлу.

Жәрмеңкеге келушілер де өнімнің түр-түрін және қызмет көрсету сапасын жоғары бағалауда.

"Мұнда еттің таңдауы мол – жылқы еті, сиыр еті барлығы жаңа әрі сапалы. Қалада баға қымбат, ал мұнда қолжетімді. Сатушылар сыпайы, қызмет көрсету жақсы, ет Қазақстанның әр өңірінен жеткізілген. Бүгін Абай облысынан әкелінген етті таңдадым, оны бұрын да алып жүрмін", – деп әсерімен бөлісті елорда тұрғыны Айгүл.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін орын маңынан №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттағы автобустар қатынайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу