Ұлытау облысында полицейлер түнде көмек сұрап белгі берген 77 жастағы әйелді құтқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиғаға көрші пәтерден естілген мазасыз дыбыстар себеп болған.
Түнгі сағат 03:00 шамасында "102" арнасына көпқабатты үйдің төртінші қабатынан әйел адамның көмек сұраған дауысына ұқсас дыбыстар естілгені туралы хабарлама түскен. Алайда хабар берген тұрғын нақты қай пәтерден дыбыс шыққанын анықтай алмаған.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Нұржан Чойбеков пен Шынасыл Әсілхан жедел жетті. Олар алдымен көрсетілген кіреберістегі пәтерлерді тексергенімен, ешқандай дыбыс естімеген.
Полицейлер іздестіруді жалғастырып, дыбыстың көршілес кіреберістен шыққанын анықтады. Ғимаратты сыртынан тексеру кезінде төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен жарық көрген.
Есік қағылғанымен, ешкім ашпаған соң, полиция қызметкерлері құтқарушыларды шақырған. Мамандар автосатының көмегімен балкон арқылы пәтерге кіріп, ішінен 77 жастағы әйелді тапты.
Белгілі болғандай, түнде әйелдің денсаулығы сыр беріп, көмек шақыру үшін қабырға мен еденді ұрған. Алайда көрші бөлмеде ұйықтап жатқан туыстары оның дауысын естімеген.
Учаскелік полиция инспекторы Нұржан Чойбековтің айтуынша, есік ашылмағандықтан, әйелдің өміріне қауіп төнуі мүмкін деп болжап, құтқарушылармен бірге балкон арқылы кіруге шешім қабылдаған.
Ал оның әріптесі Шынасыл Әсілхан дер кезінде полицияға хабар берген көршінің азаматтық жауапкершілігін атап өтті.
Қазіргі уақытта 77 жастағы әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.