Өйтпеген жағдайда еріктілердің әрекеттері алаяқтық деп танылуы мүмкін. Бұлай деп ҚР Мәжіліс депутаты Вера Ким Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
Соңғы уақытта елде мұқтаж жандарға қаражат жинау жағдайлары жиілеп кетті. Бірі жиналған соманы оған зәру адамдарға берсе, басқалары өз пайдасына алып жатады.
"Қайырымдылық волонтерлерінің жасы 18-ден төмен болмауы керек. Бүгінде волонтерлік қызмет, қайырымдылық түрінде және халықтан ақша сұрайтын көптеген адамдар бар екенін көріп отырмыз. Дүкендерде, түрлі мекемелерде адамдар қайырымдылық көмек көрсетуді немесе қандай да бір операция жасауды сұрайтын жәшіктер тұр. Бұл қызмет реттелуі керек. Біздің заңда бұл нормалар қарастырылған", – деді Мәжіліс депутаты Вера Ким.
Депутат кейбір блогерлердің жиналған қаражаттың бір бөлігін өздеріне алатынын айтады. Блогерлер көбінесе мұны жарнамалық төлем деп түсіндіреді екен.