"Көміп, үстіне жылқы байлап қойған": Түркістанда көрші келіншекті өлтірген қаскөй 20 жылға сотталды

Сотталушы үкіммен келіспейді, жәбірленуші тарап та "жаза тым жеңіл" деп отыр.  

"Көміп, үстіне жылқы байлап қойған": Түркістанда көрші келіншекті өлтірген қаскөй 20 жылға сотталды Фото: Бейнежазбадан

Осылайша, Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болған қанды оқиғаға үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Көршісін қинап өлтіріп, денесін ауласына көміп, үстіне жылқы жайған Ералхан Төреханов 20 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сот 27 жастағы азаматты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен кінәлі деп таныған.

Сот жаза тағайындауда оның бұрын сотты болғанын, қылмыс жасауды қайталағанын ескерген. 

Судья марқұмның анасы Мейрамгүл Бердіәлиеваның азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, оған сотталушыдан 10 миллион теңге көлемінде моральдық залал өндірді. Сотталушыға оны 1 ай аралығында төлеу міндеттеліп отыр. 

Жантүршігерлік оқиға 28 қаңтар күні болғанымен, сотталушы 9 ақпанда ғана қолға түскен. Ол кінәсін мойындаған. 

– Соттың мұндай жаза тағайындау себебі, ол бұдан бұрын да аса ауыр қылмыстармен сотталған. Қылмыстық қауіпті қайталануы іс-әрекетінде бар болған. Қылмысты салқынқандықпен жасаған, – деді судья Дәурен Мадалиев. 

Еске салайық, 28 қаңтар күні Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында 38 жастағы Әйгерім Әжікееваның денесі ауылдасының ауласынан табылған еді. 

– Біз 20 жылға келіспейміз. Бір емес, екі емес, үш адам өлтіреді де, қалай 20 жылға ғана сотталады? Бұған бұл аз, қатаң жаза берілсін! – дейді жәбірленуші Жақсыгүл Әжікеева. 

Марқұмды ауылдастары мен туыстары тура екі апта іздеген. Бірақ, оның жалаңаш денесі келесі көшеден табылыпты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу