Көмірдің бір тоннасының бағасы 9-14 мың теңге аралығында болады. Бұлай деп Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
"Операторларда бағаның өзгеруі бойынша күрт өзгерістер болады деп күтілмейді. Ол сол шекті шамасында. Баға инфляцияның белгілі бір үлесін ескере отырып өсуі мүмкін. Бірақ күрт өсім күтілмейді. Аймақтарға байланысты көмір бағасы 9 мың теңгеден басталып, 14 мың теңгеге дейін барады", – деді Ілияс Оспанов.
Брифинг барысында журналист спикерге Түркістан облысында 2021 жылы бір тонна көмір 40-45 мың теңгеден сатылғанын айтты.
"Түркістанда көмірдің бағасы 14 мың теңгеден аспауға тиісті. Одан қымбат болса айтыңыздар. 45 мың теңге деген масқара ғой", – деді министрлік өкілі.
Шенеунік көмірді алдын ала сатып алу керек деп қалды.
"Бағаны біз ұстап тұрмыз. Барлығы реттеліп отыр. Алайда ортада араласып отырған делдалдар бар. Ешкімге өз қызметі үшін көбірек ақша табуға тыйым сала алмайсың. Барлығымыз бірігіп жасай алатын жалғыз нәрсе – бұл ұйымдастыру. Біз алдын ала көмірді жеткіземіз, соны алдын ала сатып алу керек. Көмірдің жеткілікті қорын дайындауға 1-3 апта жеткілікті", – деді спикер.
Ілияс Оспанов еліміздегі коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің негізгі өндірушілері Қарағанды облысындағы "Шұбаркөл көмір", Абай облысындағы "Қаражыра" және Павлодар облысындағы "Майкөбен-Вест" екендігін атап өтті. 2021 жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін көмірдің 4,5 млн тоннасы тиелген.