Көмір бағасының негізсіз қымбаттауын бас прокуратура қадағалайды

1089

Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға қажетті көмірдің 70%-дан астамы жеткізілді.

Көмір бағасының негізсіз қымбаттауын бас прокуратура қадағалайды

Бас прокуратура өңірлерде көмір бағасының негізсіз қымбатауын қадағалайтын болады, деп хабарлайды abctv.kz.

Бұл туралы инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Байытов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір еліміздегі бір тонна көмірдің орташа бағасы 10-16 мың теңге аралығында қалыптасып отыр. Комитет бағаның бұдан артық негізсіз шарықтап кетпеуін қадағалайды.

"Аталған мәселе бойынша монополияға қарсы агенттікпен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ көмір бағасының негізсіз өспеуін Бас прокуратура да қадағалайтын болады", – деді Қанат Байытов министрлікте өткен брифингте.

Оның айтуынша, бағаға көмір өндіретін кәсіпорындардың және "Қазақстан темір жолы" компаниясының шығындары әсер етеді. Сондықтан аталған жағдайларға байланысты көмір бағасы 17-18 мыңға дейін жетуі де ықтимал.  

"Биыл өткен жылғыдай көмірге қатысты даулы мәселе болмайды. Көмір тапшылығы да орын алмайды", – деп сендірді Қанат Байытов.

Комитет төрағасы орынбасарының сөзінше, бүгінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің 70%-дан астамы өңірлерге жеткізілген. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің оңтүстік аймақтарына көмір тасымалдау қыркүйек-қазан айларына шегірілген.

"Қазір оңтүстік аймақтарда күн ыстық. Сондықтан дәл қазіргі уақытта көмірді тасымалдау қауіпті. Өйткені, күннің ыстығынан көмір жанып кетуі мүмкін", – дейді ол.

Еске сала кетейік, осы аптада энергетика министрлігі мен инвестициялар және даму министрлігі бірлескен бұйрықты қабылдады. Бұйрыққа сәйкес, электр станцияларын көмірмен қамтамасыз етуге энергетика министрлігі, ал коммуналдық-тұрмыстық секторға инвестициялар және даму министрлігі жауапты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу