Көмірдің бір тоннасы 13,5 мың теңгеден сатылуда

977

Көмірдің бір тоннасы 13,5 мың теңгеден сатылуда

Астанада көмір қымбаттап барады. Баға былтырғыдан 20 пайызға өскен. Қымбатшылықпен күресе алмаған билік болса тығырықтан шығатын амал ойлап әлек. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 18 мың теңгеден үлестірмек, деп хабарлайды almaty.tv.

Астаналық жер үйдің тұрғындарына көмірсіз өмір жоқ. Қытымыр қыстың 6 айға созылатынын былай қойғанда, қара отынның құны қалтаға әжептәуір салмақ салары сөзсіз.

Тас отынның бір тоннасы биыл 13500 теңгеден сатылуда. Ал оны үйге дейін тасып алуға 10-12 мың теңге тағы жұмсайсың.

Көмір тасымалдаушы делдалдардың айтуынша, қара отынға тапшылық байқалмайды әзірге. Алайда, көмір алуға көпшілігінің жағдайы келмей отыр. Ал қымбатшылықпен күресе алмай, салы суға кеткен жергілікті билік болса "тығырықтан шығатын жол" тапқанға ұқсайды. Мәселенің шешімі ретінде тұрмысы төмен отбасыларға көмір алуға көмектеспек. Алайда, бір қыста берілетін материалдық төлем бар болғаны 18156 теңге. Бұл ақшаға бір тоннадан аса көмір тиеді.  

"Былтыр 2016-17 жылдары бізде 1262 адамдарға 21 млн 329 мың теңгедей ақшалай көмек көрсеттік. Биылғы жылы да одан аз болмайды, көп болмаса",- деді жұмыспен қамту еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Дариға Жүнбаева.

Бұл қаражат мұқтаж жанның есепшотына аударылады. Оған отбасында бірнеше адам құқылы болуы мүмкін. Алайда, мүмкіндік тек оның біреуіне ғана беріледі. Құжаттарды қабылдау  15 қазаннан басталады. Ол үшін тұрғындар Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш беру керек. Ал елордалық тұрғындар болса көмірдің арзандайтынынан әлі де үмітті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу