Комиссия мүшелері жер иесі туралы ақпараттың ашық болуын қолдады

1052

 Олар жер кадастрының ашықтығын қамтамасыз ететін заң жобасын Парламентке ұсынбақ.  

Комиссия мүшелері жер иесі туралы ақпараттың ашық болуын қолдады

Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында комиссия мүшелері екі заң нормасын Парламентке ұсыну жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz .

Жиында Парламент депутаты және Жер реформасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Барлыбаев бір ай көлемінде жер мәселесі бойынша бірқатар талқылау өткізіп, бүгінге екі мәселені нақты шешу үшін ол туралы заң шығару қажетін айтты.

Оның біріншісі, жер кадастры деректерінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жалға берілген жерлер бойынша кадастрлық ақпаратты, оның ішінде жер иесі болып табылатын заңды тұлғаның атауын немесе жеке азаматтың аты-жөнін ҚР азаматтарының көруіне жол ашатын заң нормаларын әзірлеу және Парламент қарауына енгізу ұсынылды.

Екінші мәселе, Ауыл шаруашылығы министрлігіне елді мекендер айналасында белгіленген радиус шегінде қоғамдық жайылымдар үшін жерлерді резервтеуді көздейтін тиісті нормативтік-құқытық актілер әзірлеп, қабылдау ұсынылды.

"Жер комиссиясындағы жұмыс тобы бұл мәселе жөнінде бір айдай жұмыс істеп, біздің қарауымызға осы заңды енгізуді ұсынып отыр. Біз оны саралап шықтық. Сондықтан бұл мәселе бойынша шешім шығаруға болады",-деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Отырыста комиссия мүшелері дауыс беру кезінде бұл шешімді бірауыздан қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу