Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істеп жатқан шетелдік MQ EMIRATES GROUP Ltd. компаниясының жобаларын жалғастыруға қолдау көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания төрт қатты пайдалы қазба кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алу аукционында жеңімпаз атанып, бюджетке 900 млн теңгеден астам бастапқы бонус төлеген. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 40 млн АҚШ долларынан асады.
Инвестор уәкілетті мемлекеттік органның құжат тапсыру мерзімін ұзартудан бас тартуына байланысты Комитетке жүгінген. Тексеру барысында компанияның бірқатар құжаттарды толық дайындағаны және төрт өңірде қоғамдық тыңдаулар өткізгені, сондай-ақ "Солтүстік Көптас" кен орны бойынша оң экологиялық қорытынды алынғаны анықталды.
Өтінішті қарау нәтижесінде мемлекеттік орган экологиялық рұқсат беру мерзімін бір жылға ұзартты. Бұл шешім инвестициялық жобалардың жалғасуына және шетелдік инвестициялардың сақталуына мүмкіндік берді.
Мұндай жағдайларда инвесторлар өз құқықтарын қорғау үшін 115 Call-орталығына жүгіне алады.