Коммерциялық жылжымайтын мүлік қалай басқарылады?

632

"QAZPROPERTY" қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкенов кондоминимумды реттейтін заңнаманың жоқтығынан бұл салада бірқатар қиындық туындағанын айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

Коммерциялық жылжымайтын мүлік қалай басқарылады?

Бұдан бөлек ол еліміздің заңнамалық базасында коммерциялық жылжымайтын мүлік ұғымына анықтама берілмегендігін айтады. Оған бірқар факторлар әсер етеді. Ең негізгілері деп спикер кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, инвестицияларды тартудың шектеулілігі мен статистикалық деректердің жоқтығын айтады. 

Қайрат Көкеновтың айтуына қарағанда бұл мәселені көтеріп келе жатқандарына бірталай уақыт өткен. Ассоциация 2020 жылдан бастап Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істер комитетіне 10 өтініш жолдаған. Бірақ тұщымды жауап болмады дейді. 

"Біз үшін басты мәселе – жетекшілік ететін мемлекеттік органның болмауы. Бізде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, нақты айтқанда Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментімен қиындық туындап отыр. Функционал бойынша біз оларға қараймыз. Негізінен алғанда комитет жанынан коммерциялық жылжымайтын мүлік саласындағы құзыретті мамандар жиналған басқарма құрылуы керек. Олармен бірге біз заң тұрғысынан дамудың тұжырымдамалық жоспарын дайындай аламыз. Осылай жүргенімізге 2 жылға жуық уақыт болды. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ", – деді Қайрат Көкенов. 

Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры Руслан Лепесов айтылған сынға жауап берді. 

"Егер коммерциялық жылжымайтын мүлікті алатын болсақ, онда Азаматтық кодекс бизнес орталықтарда бірнеше меншік иелері болған кезде кондоминиум объектісін құруға мүмкіндік береді. Коммерциялық жылжымайтын мүліктің қатынастарын реттейтін ережелерді әзірлеу мүмкіндігі бар. Бірақ Заңға өзгерістер енгізуді орынсыз деп санаймыз", – деді департамент директоры. 

Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков коммерциялық жылжымайтын мүлік мәселелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгінуге бола ма, жоқ па деген сауал қойды.   

"Коммерциялық жылжымайтын мүлік дегеніміз кең ұғым. Министрлік ретінде жобалау, нысандар құрылысы бойынша түсініктеме бере аламыз. Бірақ пайдалану тұрғысынан біз тіпті заңнамалық деңгейде сілтеме жасай алмаймыз. Азаматтық кодекс бар. Соған сәйкес барлық міндет пен құқық көрсетілетін келісім-шарт жасауларыңызды сұраймыз. Себебі тұрғын үй қатынастары туралы қолданыстағы заңнама тек тұрғын үй-жайлары мен тұрғын емес үй-жайлары бар кондоминиум объектілерін реттейді", – деді Руслан Лепесов.

Бұдан бөлек қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры мәселенің шешімі ретінде ұлттық стандарт дайындап, заңда оған сілтеме беруге болатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу