Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет ұстамды тарифтік саясатты қолдайтынын баса айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы жан-жақты жаңғыртуды қажет етеді. Осы салада Ұлттық жоба іске асырылуда. Үкімет ұстамды тарифтік саясатты қолдап отыр. Сондықтан аталған жұмыс ұзақ мерзімді қаржыландыру мен монополистердің операциялық шығыстарын қайта қарау есебінен қамтамасыз етіледі. Жыл соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет тарифтерін өзгерту жоспарланып отырған жоқ", – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, кез келген тарифтік өзгерісті халықтың тұрмыс сапасы мен мемлекеттің экономикалық саясатының басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүргізу керек.
Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың сатып алу қабілетін қолдау, бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның орнықты жұмысын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
"Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін бере отырып, экономиканы әртараптандыруды жеделдету міндетін қойды. Бұл орайда, терең өңдеу өндірістерін дамытуға, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнімдерді шығаруға басымдық берілуге тиіс. Салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер арқылы отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттыру және оларды тапсырыстармен қамтамасыз ету мәселелерін тікелей бақылауға алуды тапсырамын. Отандық шикізатты өңдеу барысында, бірінші кезекте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі қажет", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 6,3%-ға өскенін жазғанбыз.