Коммуналдық төлемге қарызы бар 100 мыңға жуық борышкердің дерегі БКБ-ға берілді

1469

2020 жылдан бастап кредиттік бюроға ақпарат берушілердің тізіміне коммуналдық қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) енгізілген.

Коммуналдық төлемге қарызы бар 100 мыңға жуық борышкердің дерегі БКБ-ға берілді

Қазақстанда коммуналдық төлемге қарызы бар 100 мыңға жуық тұрғынның дерегі бірінші кредит бюросына (БКБ) берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы БКБ сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде бірінші кредит бюросы 57 субъектіден ақпарат алады. Осы кезеңде ТМС коммуналдық төлемге қарызы бар 100 мыңға жуық борышкердің дерегін БКБ-ға берген.

"Деректер 30 күнде бір рет жаңартылады. Осылайша, коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өтеудің белгілі бір тәртібі қалыптасады. Өйткені коммуналдық қызметтер үшін қарыз кредит тарихында көрсетіледі", – деп жазылған хабарламада.

Қаржы ұйымдары үшін қарыз алушының дебиторлық берешегі туралы кез-келген ақпаратты ескеру өте маңызды болып саналады.

"Көбінесе қарыз алушылардың коммуналдық берешегі де болады. Қарыздың айтарлықтай көлемі заңды тұлғалардың үлесінде, оның ішінде кепілге қойылған жылжымайтын мүлік бойынша да берешек жиналады", – деп жазылған хабарламада.

БКБ дерегінше, әрбір бесінші борышкер қарыз туралы мәлімет кредиттік есепте көрсетілгеннен кейін берешекті толық немесе ішінара өтейді.

"Коммуналдық қызметтер мұны қарызды өндіріп алудың қосымша құралы ретінде пайдаланады. Мысалы, 2021 жылдың ортасында ел бойынша мұндай қарыздың көлемі 15,4 млрд теңге болды және ол өсу трендіне ие", – деп жазылған хабарламада.

Осыған байланысты бірінші кредит бюросы тұрғындарға жылына кемінде екі рет кредит тарихын тексеруге кеңес береді.

"Бұл әдет, азаматтардың кредиттік "денсаулығын", әрі басқа да қарыздарды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу