Мәжілістегі ҚКХП фракциясының басшысы ауысты, деп хабарлайды abctv.kz.
Коммунистер ел парламентіне кіргелі бері бұл биік лауазымды Владислав Косарев атқарып келген болатын. Бірақ ол денсаулық жағдайына байланысты қызметтен кетуге мәжбүр болыпты: өйткені фракция басшысына жүктелген жұмыс ауқымы үлкен, негізгі депутаттық қызметіне қоса, ол фракцияішілік жұмысты үйлестіру, тәртіпті күшейту, әртүрлі республикалық және халықаралық кездесулер өткізуі, демеушілер тартуы және басқа да жауапкершіліктері толып жатыр.
Бүгін мәжілісте ҚКХП-ның "Халық коммунистері" депутаттық фракциясы арнайы отырысына жиылды. Жиынның күн тәртібінің басты мәселесі фракцияның жаңа басшысын сайлау болды. Владислав Косарев сөз алып, әріптестеріне қайырылды және өзін фракция басшысы міндеттерінен босату туралы өтінішін жария етті. Оның дәйектеуінше, бұл ретте сабақтастықтың болуы және фракция мен ҚКХП Орталық комитеті саяси бюросының өзара тығыз жұмысын жолға қою маңызды болып тұр. Жаңа жетекші де енді сонымен айналысуы керек.
Осыдан кейін басталған ашық дауыс беру қорытындысы бойынша осы партия атынан сайланған мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров "Халық коммунистері" парламенттік фракциясының жаңа басшысы болып бекіді.
Айқын Қоңыров кәсіпкер азамат, бұған дейін ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы болған. Қазақстан коммунистік халық партиясын құрушылардың бірі болып табылады.
Владислав Косарев мәжілістен кетпейді, ол мандатын сақтап, қарапайым депутат ретінде жұмысын жалғастыра береді.
Қазіргі парламент мәжілісінде үш фракция бар, атап айтқанда, "Нұр Отан" партиясының, "Ақ жол" партиясының және ҚКХП-ның фракциялары жұмыс жасауда. Оның сыртында "Қазақстан халқы Ассамблеясы" атынан сайланған депутаттар тобы құрылған.