Ведомствоның мәліметінше, Қонаев қаласының 46 жастағы тұрғыны, алты баланың анасы көпбалалы аналар санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған.
“2024 жылдың жазында қалалық мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы көппәтерлі тұрғын үйден баспанаға мұқтаж жандарға 85 пәтер үлестіріліп, оның 17-сі "көп балалы отбасылар" санатындағыларға берілген. Алайда тұрғын үй комиссиясы №17 кезекте тұрған"Күміс алқа" алқасының иегері, 6 баланың анасына тұрғын үй беруден бас тартқан, себебі оның жеке меншігінде пәтері болған. Пәтерді Қонаев қаласынан күйеуі екеуі 2021 жылы несиеге сатып алған", – делінген хабарламада.
Көпбалалы ана бұл шешімге шағым түсірген.
Талап қоюшы несиеге сатып алған пәтердің бір адамға шаққандағы аудан бойынша санитарлық норма талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Бұдан бөлек әйелдің отбасы мүшелерінің ешқайсысында көрсетілген пәтерден басқа баспанасы болмаған.
Сот Қонаев қаласы әкімі жанындағы тұрғын үй комиссиясын мемлекеттік тұрғын үй қорынан 6 баланың анасына баспана беру мәселесін қайта қарауды міндеттеді. Әкімдік сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде сот шешімін орындауға және бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті.