Қонаев гарнизонында 100-ден астам сарбаз алғаш рет парашютпен секірді

424

Оқу-жаттығуға 120-дан астам әскери қызметші қатысып, десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды.  

Қонаев гарнизонында 100-ден астам сарбаз алғаш рет парашютпен секірді Фото: gov.kz

Қонаев гарнизонының "Жаңа Іле – Оңтүстік" секіру алаңында десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері оқу-жаттығу мақсатында парашютпен секірулер орындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқу-жаттығуға 120-дан астам әскери қызметші қатысса, олардың ішінде 100-ден астам мерзімді әскери қызметші алғаш рет парашютпен секірді. Десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды.

Жерге қонғаннан кейін әскери қызметшілер десанттан кейінгі іс-қимылдарды пысықтап, тактикалық нормативтерді орындады.

Парашютпен алғашқы секіруге дейін жеке құрам әуе-десант даярлығының толық курсынан өтті. Олар әуе кемесінен шығу, парашютті басқару, жерге дұрыс қону және төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін меңгеріп, қауіпсіздік талаптары бойынша бақылау нұсқамасынан өтті.

– Әрбір секірудің алдында жан-жақты дайындық жүргізіледі. Әскери қызметшілер теориялық білімді де, практикалық дағдыларды да толық меңгеруі тиіс. Өйткені десанттаудың қауіпсіздігі олардың сауатты іс-әрекетіне тікелей байланысты. Тек даярлық бағдарламасын толық әрі сәтті аяқтағаннан кейін ғана жеке құрамға парашютпен секіруге рұқсат беріледі, – деді 32363 әскери бөлімінің әуе-десант даярлығы бөлімінің аға офицері, гвардия майоры Данияр Әбдірахманов.

Айта кетейік, алғашқы дербес секіру жас десантшылардың кәсіби даярлығындағы маңызды кезең саналады. Әуе-десант даярлығы әскери қызметшілердің жауынгерлік қабілетін, төзімділігін, психологиялық орнықтылығын және күрделі жағдайда тиімді әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу