Қазақстандық төрт ЖОО-ның Қонаевқа көшуінің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып.
"Еліміздің барлық жоғары оқу орындарына Қонаевқа көшу туралы ұсыныс жібердік. Әзірге тек төрт жоғары оқу орны келісім берді. Қазір олармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жиналыстар өтіп жатыр, мән-жайы анықталғаннан кейін хабар берерміз, бірақ оқу орындарының атын атай алмаймыз", — деді министрліктің баспасөз қызметі.
Қонаевқа көшетін жоғары оқу орындарының саны, егер басқа университеттер министрлік ұсынысына жауап берсе, артуы мүмкін.
"Көші бір күннің жұмысы емес, қаншама күрделі процесстер бар: қолайлы жер учаскесін табу керек, оның астына инфрақұрылым салу керек және т.б. Сондықтан басқа жоғары оқу орындары бойынша әлі оң жауап жоқ", - деп толықтырды ведомстводан.
Бұған дейін бірінші кезеңде еліміздің төрт университеті қоныс аударатыны, ал екінші кезеңде төрт шетелдік жоғары оқу орны ашылатыны белгілі болды. Олардың барлығы "Қонаев академиялық қалашығы" кампусында орналасады. Іске асыру жоспарлары 2024-2027 жылдарға арналған.