Алматы облысы әкімінің өкімімен Асхат Бердіханов Қонаев қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстың әкімдігіне сілтеме жасап.
Асхат Бердіханов 1975 жылы туған, білімі-жоғары. 2005 жылы Павлодар мемлекеттік университетін "Өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр жабдығы" мамандығы бойынша, 2009 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін "Заңгер" мамандығы бойынша, 2017 жылы Павлодар мемлекеттік университетін "Энергетика және электротехника" мамандығы бойынша, 2022 жылы Қарағанды техникалық университетін "Құрылыс" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Павлодар трактор зауытында электромонтер болып бастаған. Әр жылдары құқық қорғау органдарында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Балқаш жылу электр станциясы Басқарма төрағасының орынбасары, "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының бас менеджері, "Алатау Жарық компаниясы" АҚ бас инженері, "Samruk-Kazyna Construction" басқармасының бастығы, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұ.Қантаев атындағы Мойнақ гидроэлектростанциясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары - бас инженері болып жұмыс істеді.