Атырау облысында орта ғасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының орнында қазба жұмыстары басталды, деп хабарлайды abctv.kz тілшісі.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі орта ғасырлық Алтын Орда қалашығы - Ақтөбе-Лаэтиде археологиялық қазба жұмыстарын бастады. XIV ғасырға тиесілі қалашық Атырау қаласынан 6 шақырымда солтүстік-шығыс бетте орналасқан.
Бүгін, 2 шілдеде ескі шаһар орнына облыс əкімінің орынбасары Əлібек Нəутиев барып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты.
"Археологиялық жұмыстар "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізілуде, - дейді Ə.Нəутиев. – XIV ғасырдың қалашығы облыс орталығына жақын маңнан табылды, бұл тарихты жаңаша зерделеуге жол ашады. Мемлекет басшысы мақаласында киелі жерлердің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын, онымен танысу өскелең ұрпақтың бабалар жүрген жолды білуіне мүмкіндік беретінін айтқан еді".
Көне қалашықтың ауданы 200×80 м, мəдени қабаты жақсы сақталған. Бүгінде облыстық музей қорында қалашықтан табылған 500-ден астам жəдігер бар.
Қалашықта сумен қамту жүйесі дамыған, сол арқылы бау-бақша өсірілген. Мəдени қабаты жануарлар мен балықтардың сүйегінен, керамика қалдықтарынан тұрады. Бұл қала тұрғындарының мал жəне балық шаруашылықтарымен айналысқанын көрсетеді.
Қазба орнынан құйма пішіні, керамика, моншақ, жүзік, білезік, зергерлік өнімдердің қалдықтары табылған. Археологтар Алтын Орда қалаларының күміс, мыс тиындарын да топырақ астынан аршып алды.
Атырау облысында "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында үйлестіру орталығы ашылды. Жобалық кеңсе бағдарламаның "Туған жер", "Киелі жерлер географиясы", "100 жаңа есім" бағыттарын іске асырады. Орталық құрамына мемлекеттік органдар, мəдениет пен білім салаларының өкілдері кірген.