"Көңіл күйі болмай, үйден шығып кеткен": Айтбек Амангелді Шерзаттың ағасы жайлы айтты

1658

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Шерзаттың ағасы Нұрқанаттың өліміне қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Көңіл күйі болмай, үйден шығып кеткен": Айтбек Амангелді Шерзаттың ағасы жайлы айтты Фото: Бейнежазбадан

Айтбек Амангелді Нұрқанаттың отбасына көңіл айтып, марқұмды жеке танығанын атап өтті.

"Бүгін жаңалықты ести сала Талғарға барып, Нұрқанаттың отбасымен кездестік. Мәйітті күтіп тұрған кезде, өлім туралы медициналық сараптама қортындысын алдық. Сараптамада өлім себебі – асфиксия, қасақана өзін асу, қылқындыру арқылы өзіне залал беру екені көрсетілген. Мен Нұрқанаттың өзіне қол салғаны туралы ақпаратты алғаш естіген кезде, олай болуы мүмкін емес дедім. Өйткені мен онымен қанша уақыттан бері кездесіп, араласып жүрдім. Өмірге құштар, қайғылы оқиғадан кейін енді ғана ашылып, жұмыс істеп келе жатқан адам еді”, – дейді ол.

Сондай-ақ құқық қорғаушы Нұрқанаттың барлығы аяқталған соң Кореяға жұмысқа кетуді жоспарлап жүргенін де айтты.

Айтбектің айтуынша, Нұрқанаттың артында азаматтық некедегі әйелі қалды.

"Нұрқанаттың үйіне барғанда Алматы облысының прокурорымен кездестік. Ол медициналық сараптама қортындысында өлім себебі өзіне қол салу болып көрсетілсе де, "өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Кеше олардың үйінде туған күн болған, барлығы бірге отырып кешкі ас ішкен. Сосын Нұрқанат өз бөлмесіне кіріп, телефонға қарап отырған. Кейін көңіл күйі болмай, үйден шығып кеткен. Ешкімге ештеңе айтпаған. Ал соңғы хабарламаларды жаза бастаған кезінде, отбасы бірдеңе дұрыс емес екенін сезіп, оны іздей бастаған", – дейді құқық қорғаушы.

Айтбек Амангелді Нұрқанаттың әлеуметтік желіде көптеген хейтерлері болғанын атап өтті. Шерзаттың өліміне күдіктілердің туыстары да барлығына Нұрқанатты кінәлап, оны "маскүнем" деп атаған екен.

"Біз Нұрқанаттың осындай жағдайға жетуіне осы оқиғалардың барлығы, сондай-ақ Нұрқанатқа жала жауып, шабуыл жасаған тұлғалар себеп болды деп ойлаймыз. Бұл туралы прокурор Берік Адамовпен де сөйлестік", – дейді Айтбек Амангелді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу