Конституция келісім мен бейбітшілікке кепіл болды – Марат Бекетаев

892

Құқықтық құжат теңгерімді саясат жүргізуге мүмкіндік берді.

Конституция келісім мен бейбітшілікке кепіл болды – Марат Бекетаев Фото: parlam.kz

Әділет министрі Марат Бекетаев 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғырту үшін берік құқықтық негізін қалағанын мәлімдеді.

"Конституция еліміздегі келісім мен бейбітшілікке кепіл болды. Мемлекеттік билік пен басқару жүйесін нығайтуға, экономиканы реформалауға, демократиялық институттарды дамытуға және әлеуметтік жаңғыртудың теңгерімді сыртқы және ішкі саясатын жүргізуге мүмкіндік берді", – деді Марат Бекетаев елордада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Айта кетейік, конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Германия, Ресей, Беларусь және Қырғызстан мемлекеттерінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Олар Қазақстан Республикасының құқықтық қайнар көзін қалыптастырудың конституциялық негіздерін қозғайтын мәселелер бойынша баяндама жасады.

Қазақстандағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы өкілдігінің басшысы, Берлин қаласының судьясы Йорг Пуделька мемлекеттік құрылымның конституциялық принциптерін бекітудің мазмұны мен тәртібін тілге тиек етіп, Германия мен Қазақстан заңнамасының құқықтық мемлекет принципін талдаса, Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университетінің әкімшілік, қаржылық және корпоративтік құқық кафедрасының меңгерушісі О.Шерстобоев әкімшілік рәсімдердің конституциялық-құқықтық негіздерін түсіндірді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу