Референдум өткізуге Үкімет резервінен 20,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі редакция сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 Жарлығына сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Үкіметтің 18 ақпандағы №88 қаулысы бойынша республикалық референдумды ұйымдастыруға және өткізуге Үкімет резервінен 20 777,5 млн теңге бөлінді", – делінген ресми хабарламада.
Оның ішінде:
- 20 653,9 млн теңге Орталық сайлау комиссиясына бағытталады. Шығынның негізгі бөлігі – 15 698 млн теңге (75%) референдум комиссиясының 71 044 мүшесіне еңбекақы төлеуге жұмсалады. Ал ұйымдастырушылық шараларға – 4 956 млн теңге (25%), бұл ақпараттық қолдау, полиграфиялық және баспа өнімдері, барлық деңгейдегі комиссиялардың қызметін қамтамасыз етуге кетеді;
- 123,6 млн теңге Сыртқы істер министрлігіне бағытталады (62 елдегі 80 шетелдік сайлау учаскесіне қызметкерлерді іс-сапарға жіберуге арналған шығындар).
Қаржы министрлігі "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңының 8-бабы 3-тармағы бойынша халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттiк органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынатынын еске салды.