Конституциялық сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заң жобасындағы "Құрылтай" атты бөлімге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші "Құрылтай" деген бөлімде жинақталды. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді. Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылды", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталғанын да тілге тиек етті.
"Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделді. Құрылтай төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді", – деді Конституциялық комиссия мүшесі.
Айта кету керек, бұған дейін Жаңа Ата заңның жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұратынын жазғанбыз.