Бұл туралы Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі Конституция мәтініне сәйкес, "республикалық референдум" деп жазылғанын білесіздер. Дегенмен, референдумдар ең маңызды мәселелер бойынша өткізілуі тиіс. Сондықтан референдумның атауында басқару нысаны емес, халықтың бірлігі, референдум өткізудің негізгі талабы атап өтілуі керек. Осыған байланысты оның атауын "республикалық референдумнан" "Жалпы халықтық (ұлттық ) референдумға" өзгерту ұсынылады", – деді ол.
Сондай-ақ, Мұрат Әбенов Конституцияда "Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын" бекіту туралы өзгеріс діни құндылықтармен байланысты деген қоғамдағы алаңдаушылыққа қатысты да түсінік берді. Оның пікірінше, Комиссия мүшелері бұл жаңадан ұсынылып отырған ұғымды бұрыннан бар Қазақстан зайырлы мемлекет, "дін мен мемлекеттен бөлек" деген Конституциялық қағиданың негізінде қарастыруы керек.
"Әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік беріледі. Ұсынылып отырған "Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары" термині көпшілік қолдайтын, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы. Бұл термин жалпы қабылданған және осы мағынада кеңінен қолданылады", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар, Конституциялық реформа аясында ғылыми, көркемдік, техникалық және өзге де шығармашылық қызметтің еркіндігі мемлекет тарапынан тікелей кепілдендірілетіні айқын жазылды. Ол Конституция преамбуласында және қосымша екі бапта арнайы қаралған.
"Зияткерлік меншік ұғымын, авторлық құқық, патенттер, ғылыми жаңалықтар мен техникалық шешімдер құқығын қорғауды мемлекет Конституция деңгейінде өз мойынына алады. Мемлекет шығармашылық және ғылыми қызметке жағдай жасауға міндетті деген қағидатты бекіту маңызды", – деді М. Әбенов.