Конституциядағы жаңа преамбула ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заман талаптарымен сабақтастырады – сарапшы

259

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Конституциядағы жаңа преамбула ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заман талаптарымен сабақтастырады – сарапшы Фото: Жеке мұрағаттан

Конституцияда ұсынылып отырған жаңа преамбула ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заман талаптарымен сабақтастыра отырып, еліміздің стратегиялық бағдарын айқындайды. Бұл туралы математик, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылыми академиясының академигі Дүрвудхан Сұраған Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өткен жылы жалпыхалықтық талқылаудан бастау алған Конституциямызды реформалау үрдісі маңызды бір белеске жақындап қалды. "Кеңесіп пішкен тон келте болмас" деген қағидамен жұмыс істеп отырған біз кеше оның кезекті нұсқасын қолымызға алдық. Мен бүгін сіздердің назарларыңызды тағы бір рет Конституцияның бетпердесі болып саналатын преамбулаға аударғым келеді. Ұсынылып отырған жаңа преамбула ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заман талаптарымен сабақтастыра отырып, еліміздің стратегиялық бағдарын айқындайды. Онда мәдениет пен білімнің, ғылым мен инновацияның, қоғам дамуының негізгі тіректері екені нақты көрсетілген. Бұл жай декларация емес. Бұл – мемлекет дамуының ұзақмерзімді бағытын белгілейтін құжаттық ұстаным. Ата заңымыз "Біз біртұтас Қазақстан халқы" деп басталуы біздің ортақ тағдырымыз бен ортақ жауапкершілігімізді айқындайды", – деді академик.

Дүрвудхан Сұрағанның айтуынша, жаңа жоба тарихымызды қадірлей отырып, қазіргі заманның сын-қатерлерін ескере отырып, еліміздің жарқын келешегі үшін жаңғыртылып жазылған.

"Мемлекетіміздің унитарлығы мен аумақтық тұтастығы Конституцияның алғашқы бетінде-ақ анық әрі бұлтартпас түрде, тайға таңба басқандай бекітілген. Бұл мемлекеттің берік іргетасы. "Заң мен тәртіп" қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан идеясы бүгінгі қоғамға да, ертеңгі ұрпаққа да ауадай қажет", – деді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу