Конституциялық Кеңес Мәжіліс депутаттарының Ата заңымызға өзгерістер енгізу туралы бастамасын тексеру үшін өндіріске қабылдады, деп хабарлайды Atameken Business.
Мұндай өтінішті Кеңеске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған. Яғни Кеңес депутаттардың ұсынысы Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін анықтайды. Ал Ата заңымыздың бұл бабында "Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы, басқару нысаны, қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейтіні көрсетілген.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында биыл кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынған болатын. Сондай-ақ Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз 7 жылға созып, бір мерзіммен шектеу қажеттігін айтты.
Бұл бастаманы күзгі президенттік сайлаудан кейін Парламентке енгізетінін жеткізді. Ал Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы болса, өткен жұмада 7 жылдық мандат туралы ережені Конституцияға Президенттің кезектен тыс сайлауына дейін енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар депутаттар елордамызға бұрынғы атауын қайтаруды да ұсынды.