Парламент Мәжілісіндегі "Amanat" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және "Ақ жол" партиясының көшбасшысы Азат Перуашев, "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында жүзеге асырылатын конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов пікірлерін білдірді.
Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық бірлестіктерден e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді.

Бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын жолдаған.
Парламенттік реформадан бөлек, Жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті.