Конституциялық сот ер азаматтардың декреттік демалысқа шығу құқығын қорғады

125

Ер адамның кішкентай ұлына күтім жасаған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынбай қалған. 

Конституциялық сот ер азаматтардың декреттік демалысқа шығу құқығын қорғады Фото: dzen.ru

Конституциялық Сот еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаға күтім жасау уақытын есепке алу туралы нормаға түсіндірме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Конституциялық Сот азаматтың өтініші негізінде Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8 тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерді, оған сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін анаға ғана жас балаларға күтім жасау уақыты есептеледі. 

Өтініш субъектісінің пікірінше, Кодекстің бұл ережесі балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу мәселелерінде ата-ананың екеуінің де тең құқықтылығы қағидатына қайшы келеді. 

"Ұлы туылған соң екі айдан кейін азамат медициналық қорытынды негізінде оның ауыр жағдайына, сондай-ақ баланың анасы денсаулығына байланысты мұндай күтімді жүзеге асыруға уақытша жарамсыз болуына байланысты ұлына күнделікті емдеу-қалпына келтіру емдерін көрсету мақсатында жұмыстан шыққан. Кейіннен өтініш берушінің жас ұлына күтім жасаған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынбаған. Сот Әлеуметтік кодекстің көрсетілген нормасына сілтеме жасай отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартты", – делінген хабарламада.

Барлық материалдар мен заңнаманы зерделей келе, Конституциялық Сот Конституцияға сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың құқығы әрі міндеті, ал неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекет  қорғауында болады деп көрсетті. 

Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі. 

"Тексеру нәтижесінде, Конституциялық Сот Кодекстің 208-бабы 1-тармағының 8) тармақшасын мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды: жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты есепке алынады", – делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу