Конституциялық Сотқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабы бірінші бөлігінің, сондай-ақ Психикалық белсенді заттарды пайдалануды және масаң күйді анықтау мақсатында медициналық куәландыру жүргізу қағидаларының жекелеген ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өтініш беруші сотпен каннабиноидтарды пайдалануға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұлға тартылған. Оның пікірінше, затты жеке кеңістікте, басқа адамдарға зиян келтірмей пайдалану жеке өмір саласына жатады, ал жауаптылыққа тарту оның қол сұғылмаушылығына кепілдік беретін конституциялық құқығын бұзады.
Конституциялық Сот атап өткендей, өтініш берушінің ісін қарау барысында соттар Медициналық куәландыру жүргізу қағидаларының дауланып отырған ережелерін қолданбаған. Өтініштің уәждері мәні бойынша сот шешімдерін және жалпы юрисдикциядағы соттар берген мән-жайларға құқықтық бағаны даулауға бағытталған.
Конституциялық Сот заңнаманы қолданудың дұрыстығын тексеру және нақты іс бойынша мән-жайларды бағалау жалпы юрисдикциядағы соттардың құзыретіне жататынын атап өтті.