Конституциялық заң: Әділет министрі Президент өкімдерінің құқықтық ықпал ету аясын түсіндірді

366

Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. 

Конституциялық заң: Әділет министрі Президент өкімдерінің құқықтық ықпал ету аясын түсіндірді Фото: Үкімет

Парламент "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қарастырылып отырған Конституциялық заң жобасының 25-бабының 1-тармағында "ҚР Президентінің ел аумағында міндетті күші бар Жарлықтар мен өкімдер шығаратындығы" бекітілген. Осы баптың 2-тармағында Құрылтай қызметін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда міндетті заң күші бар Жарлық шығаратыны және Конституциялық заң күші бар Жарлықтар шығару құқығы берілген. Мемлекеттік басқару ісінде  шұғыл заң шығару қажеттілігіне байланысты осындай норманың негізділігімен келісе отырып, осындай норманың алдағы уақытта қолданылуына байланысты келесідей сұрақтарым бар. Осы Жарлықтардың қолданыс мерзімі қандай болмақ? Оларды жаңадан сайланған Құрылтай заңдары түрінде қабылдау қажет бола ма? Әлде Президенттің бұл актілері заң күшін сақтап қала ма?", – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан. 

Бұл сауалға "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жауап берді. Оның айтуынша, аталған норма жаңадан қабылданған Конституциядан туындайды. 

"Ол тек заң шығару органының уақытша болмаған кезінде ғана қолданылатын болады. Екіншіден, заң күші бар Президенттің Жарлықтары қолданыстағы құқық ретінде танылады. Президент Жарлықтары күшін жоймайды, қажеттілік болып жатса, жаңадан сайланған Құрылтай депутаттары оған өзгерістер мен толықтыруларды енгізе алады", – деді министр. 

Сенатор да Президент өкімдеріне қатысты сұрақ қойды. 

"Мәселен, Конституциялық заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, өкімдермен жеке сипаттағы мәселелер шешіледі делінген. Ал заң жобасының 27-бабында "Президент өкімдерімен құқықтық сипаттағы мәселелер шешіледі" деп бекітіліп отыр. Бұл құқықтық сипаттағы деген сөздің астарында не жатыр? Қандай құқықтық мәселелерді шешу үшін Президент өкімдері шығарылады және олардың құқықтық ықпал ету аясы қандай болмақ?", – деп сұрады Сенат депутаты.

Ерлан Сәрсембаев Жарлықтар мен өкімдер құқықтық акт болып саналатынын жеткізді. 

"Бірақ та, Президенттің Жарлығы құқықтық-нормативтік акт ретінде есептеледі. Ал өкімдер құқықтық-нормативтік емес акт болып қабылданатын болады. Осы ұстанымды ескере отырып, осындай жаңа редакция енгізілген болатын. Қандай мәселелер шешіледі дегенге келсек, біздің ойымызша, мысалы, мемлекеттік басқару мен ұйымдастыру мәселелеріне бағытталған өкімдер шығаруға мүмкіндік береді. Қазір ғана айтып кеткендей, бұл дебюрократизация бағытына сай келеді деп санаймыз", – деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу