Оқу бағдарламасына "Конституция негіздері" және "Заң мен тәртіп" курстары енгізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде "Құқық негіздері" пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына "Конституция негіздері" және "Заң мен тәртіп" курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді. Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет – оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ, жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды екенін баса айтты.
"Осы міндеттің сапалы әрі уақтылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, бұған дейін Президент білім беру саласында негізсіз дау-дамайдың көбейгенін сынға алғанын жазғанбыз.