Конституцияның әрбір нормасы анық және түсінікті болуы қажет – Жандос Өмірәлиев

116

Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Конституцияның әрбір нормасы анық және түсінікті болуы қажет – Жандос Өмірәлиев Фото: Бас прокуратура

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев жаңа Конституция жобасындағы 18-бапқа байланысты бірқатар ұсыныстар келіп түскенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Комиссия қарауына Конституцияның 18-бабына байланысты бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Заңгерлер мен мамандардың пікірінше, заң техникасы тұрғысында сұрақтар бар. Атап айтсақ, осы баптың екінші тармағында "Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды" деп көрсетілген. Бұл – дұрыс жазылған мәтін. Дегенмен орыс тіліндегі аудармасында онда мерзімнен артық ұстау деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды деп түсіну қаупі бар екенін айтып жатыр", – деді Жандос Өмірәлиев.

Оның айтуынша, қалыптасқан сот тергеу тәжірибесі қиындыққа тірелуі мүмкін деген пікірлер бар. 

"Мәтін мазмұнына қарасақ, расында да дәл солай. Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні айдан анық. Қылмысты тоқтату, осы мақсатта күдіктіні ұстау, оны дереу оқшаулау құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Тек осыдан кейін ғана оны күзетпен ұстау түріндегі шешімді сот қабылдайды. Бұл дүниежүзілік практика. Конституция – еліміздің басты құқықтық темірқазығы, оның әрбір нормасы анық және түсінікті болуы қажет. Екіұшты болмауы тиіс. Сондықтан да талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарау нақтылауды ұсынамын", – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу