Республиканың және өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту бағытында Маңғыстау облысында инвестициялық құны 215 млрд теңге болатын 9 ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл туралы орталық телекоммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Олар "Құрық портындағы паром кешені", "Шетпе - Бейнеу" 300 км, "Жетібай - Жаңаөзен" 73 км, "Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы" 84 км, "Құрық - порт Құрық" 22 км, "Ата жолы" 51 км, "Жыңғылды – Шайыр - Шерқала" 30 км, "Қияқты - Тұщықұдық" 23 км, "Ақтау - Қаламқас" және "Таушық - Шетпе" 84 км. Осы жобалардың ішіндегі ең ірісі Құрық портындағы паром кешені. Паром іске қосылғаннан бері 3 млн тонна жүк жөнелтілді", - деді Ералы Тоғжанов.
Автомобил кешені толық қуатына енген кезде жүк тасымалының көлемі жылына 4 млн тоннаға жетеді. Болжам бойынша, 2020 жылға дейін контейнерлік тасымал 60 есеге дейін артады.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл болжамды жүзеге асырудың негізгі факторларының бірі "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан" шекарасы" автомобиль жолының іске қосылуы болмақ. Жаңа жолдың құрылысы тәулігіне 1,5 мыңнан 7 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бүгінде облыс көлемінде жалпы ұзындығы 530 шакырым болатын жергілікті маңыздағы жолдардың құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.