Қырғызстан тарапынан тасымалданатын жүктерді талдау қорытындысы бойынша биылғы жылдың І тоқсанында өмірде жоқ, ойлап табылған алушылардың атына тауар әкелудің 1,8 мың фактісі анықталды.
ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл заңсыздықтардан 1 млрд теңгеге жуық көлемде шығын келген.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 27 наурызынан бастап Қырғызстанмен өткізу пункттерінде бақылауды күшейту туралы шешім қабылданған еді. Қазақстан-Қырғыз және Қазақстан-Ресей шекарасында АКҚ-ның жиналуын болдырмау мақсатында бақылау іс-шаралары жол бойында жүргізіледі. Ілеспе жүк құжаттарды нақты орны ауыстырылатын жүкпен мұқият салыстырылып, тексеру жүргізіледі. Мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда тасымалдаушы тексеруге жіберіледі.
Айта кетсек, ЕАЭО ережелері бойынша барлық қатысушылардың кедендік алымдары ортақ қорға жиналады және тепе-тең негізде бөлінеді.
Қазақстанға өнімдерін әкелу үшін контрабандашылар түрлі схемалар ойлап табады. Олардың бірі-Қырғызстан арқылы ЕАЭО аумағына кіру. Ал қазіргі заманғы техникамен және инспекциялық-тексеру кешенімен жабдықталмаған өткізу пункттері сұр импорттың жолын мүлдем кесуге қауқарсыз.