Кооперативке біріккен шаруалардың 30 пайыз шығынын мемлекет өтеп жатыр - АШМ

1017

Кооперативке біріккен шаруалардың 30 пайыз шығынын мемлекет өтеп жатыр - АШМ

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында кооперативтерге бірігетін фермерлерге 6 пайыздық несиелер беріледі. Бұдан бөлек, кооперативке сатып алынған қондырғылардың 50 пайызы мемлекеттің есебінен өтеледі, деп xабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Мысалы, сүт кооперативі құрылатын болса, ол жерде сүт қабылдау бекеті ашылады. Оның құны орташа есеппен 4,5-5 миллион теңге дейік. Соны сатып алуға берілетін несие 6 пайызбен беріледі. Кепілзат қоюдың қажеті жоқ. Себебі сүт қабылдау қондырғының өзі кепілзат болып саналады. Оны лизингке береді. Сосын оған кеткен ақшаның 30 пайызы мемлекеттің есебінен өтеледі. Енді, қазіргі ереже бойынша 30 пайыз болып тұр. Дегенмен, келесі жылдан бастап біз ережені өзгертіп, 50 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, сүт қабылдау қондырғысын сатып алсаңыз, оның 2,5 миллион теңгесін мемлекет төлесе, қалғаны несие ретінде беріледі. Бұдан бөлек, көктемгі егістік жұмыстарына берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 7,4-тен 3-ке дейін төмендетіледі деген жоспар бар", – деді министрліктің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаметінің директоры Еркебұлан Аxметов.

Айта кетейік, бүгін Үкімет мүшелері агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады.

"Жақында "Агробизнес-2020" бағдарламасына өзгеріс енгізіліп, 2013-2017 жылдарға дейін қысқартылды. Соның орнына министрлік жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірледі. Аталған бағдарлама кейінгі 2017-2021 жылдарды қамтиды. Бүгін Үкімет сағатында ол бағдарлама таныстырылып, қабылданды", – дейді Е.Аxметов.

Министрліктің баспасөз қызметі xабарлауынша, бүгін Үкімет жаңа бағдарлама бойынша арнайы қаулыны қабылдап, ары қарай Президент әкімшілігіне жіберді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу