Оңтүстік Қазақстан облысы шаруалары инвест-субсидия алып, қайтарымсыз ақшаға қол жеткізе бастады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Бұл жүйенің артықшылығы – инвест-субсидия лизингпен алғашқы жарна ретінде қабылданып, жабдықтың өзі кепілзат бола алады. "ОҢТҮСТІК" Аймақтық инвестициялық орталығының мамандары кооперативтерге ұсынылатын осы және өзге де жеңілдік туралы ақпарат беру үшін Шардара, Мақтаарал аудандарында көшпелі семинар кеңес өткізді.
Шараның мақсаты – кооперативті несиелендіру бойынша жасалған бағдарламалардың мән-жайын түсіндіріп, қаржылай қолдау көрсету.
Семинарға Шардара ауданы әкімдігінің басшылық құрамы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, "ОҢТҮСТІК" АИО жобаларды жүзеге асыру департаменті, "Ырыс" МҚҰ-ның ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының аймақтық өкілдері қатысып, шаруаларға кооперативті қалай ашу және оның жұмысын әрі қарай қалай жүргізу керектігі жөнінде түсініктеме берді.
"ОҢТҮСТІК" АИО жобаларды жүзеге асыру департаменті директорының орынбасары А. Сауранбаевтың айтуынша, кооператив жабдықты лизингке алу арқылы жабдықтың ерекшелігіне қарай инвест-субсидия алып, қайтарымсыз ақшаға қол жеткізе алады.
"Мұның артықшылығы – инвест-субсидия лизингпен алғашқы жарна ретінде қабылданып, жабдықтың өзі кепілзат бола алады", – дейді ол.
Кездесу барысында шаруалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандар арқылы тұшымды жауаптарын алды.
Кезекті семинар Мақтаарал ауданында өтіп, кәсіпкерлік бөлімі, қаржы орталықтарының өкілдері қатысушыға кооператив құрудың артықшылығы, кооперативті қаржыландыру, мемлекет бөлетін субсидия жөнінде және коопертивті ашу механизмі жайлы толық мәлімет берді.