Оңтүстік облысы Арыс ауданында төрт баласы бар ерлі-зайыптылар басқа ұлттың балаларын асырап алуға ниет білдірді, деп хабарлайды otyrar.kz.
Арыс ауданының тұрғындары Диқанбаев Мұқтарбек пен Қарлығаштың үш қыз, бір ұлы бар. Қыздарын құтты орындарына қондырып, ұлы ер жеткеннен кейін 5 бірдей баланы бауырына басуға ниеттенген. Бір қызығы, балалардың үшеуі ағайынды, орыс ұлтынан. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан асырап алушы отбасы бұл балаларға өз тегімізді береміз дейді.
Қарлығаш Диқанбаева 15 жылдан бері балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Сондықтан, балалармен тіл табысуда қиындық болмайды деп сенеді. Қазір ол құжаттарды рәсімдеп жүр. Өйткені балғындар да болашақ өз үйлеріне көшіп келуге асығуда.
Қарлығаш Диханбаева: “Мама, қашан құжатымыз дайын болады деп асығып жүр балаларым. Жаңа жиһаздарға тапсырыс беріп қойдым. Балалардың жағдайын жасасам деймін. Отбасы деген не, оның құндылықтары деген ұғымдарды балаларымның бойына сіңірсем деймін. Ертең өскенде ата-анам бар деп келіп тұрады.”
Жалпы Арыс өңірінде отбасылық үлгісіндегі екі ауыл, үш жетімдер үйі бар. Онда панасыз қалған 369 бала тәрбиеленуде. Балаларды асырап алуға ниет білгендер саны бүгінде көбейіп келеді дейді мамандар. Ал асырап алушыларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі.