"Көп қаралым жинағысы келген": TikTok-та "мені алып қашты" деп өтірік айтқан қызға айыппұл салынды

281

Ол 60 550 теңге айыппұл төлеуі тиіс.

"Көп қаралым жинағысы келген": TikTok-та "мені алып қашты" деп өтірік айтқан қызға айыппұл салынды Фото: pymnts.com

Алматы облысында TikTok желісінде өзін алып қашқаны туралы жалған мәлімет таратқаны үшін жас қызға айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Алматы облысының Қарасай ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша азаматша К.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. 

"2026 жылғы 15 қаңтарда шамамен сағат 20.00-де азаматша К. "TikTok" әлеуметтік желісінде өзіне қатысты ұрлап кету фактісі орын алғаны жөнінде бейне жазбаны жариялағаны анықталды. Аталған бейнежазба әлеуметтік желі парақшасында таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған. Сот отырысында азаматша К. өз кінәсін толық мойындап, бейнежазбаны көп қаралым жинау мақсатында салғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін түсіндірді", – деп хабарлады аудандық сот.

Сот азаматшаның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмағанын, алайда әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді.

Сот қаулысымен жас қыз ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот оның әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және істеген ісіне өкінетінін ескеріп, айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылды. Осылайша түпкілікті төлейтін сома 60 550 теңге болып белгіленді.

Қаулы заңда күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу