Олар мұндай жаңашылдық "бармақ басты, көз қысты" әрекеттердің алдын алады деп сендіріп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтып берді. Оның сөзінше, жол саласындағы цифрлық шешімдер өз нәтижесін береді.
– Бұрынғы жылдары шамадан тыс жүк тиеген машина салмақ сенсорымен бекітіліп, камера бөлек суретке түсіп, инспектор қағаз түрінде хаттамада заңсыздықты тіркеу үшін машиналар тоқтатылатын. Биыл адами факторды алып тастау жоспарлануда және хаттамалар автоматты түрде ресімделеді. Ол үшін әкімшілік кодекске өзгерістер енгізіліп, интеграциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Яғни, шамадан тыс жүк тиеген көліктерге айыппұл салу автоматтандырылады. Аталған өзгеріс жол бойындағы көлік инспекторларының санын қысқартып, сыбайлас жемқорлықтың да жолын кеседі деп жоспарланған.
– Бүгінгі күні Astana Hub-қа автожол және көлік саласында жұмыс істейтін 24 инновациялық жоба тіркелген. Олардың кірісі – 15 млрд теңге, экспорт 1 млрд теңге болып, 1700-ден астам жұмыс орны ашылды, – деп қоса кетті Жаслан Мәдиев.