Көпбалалы аналар әкімдік қақпасынан қайтты

2420

Аналардың шағымын қақпа күзетшісінен басқа ешкім естіген жоқ.

Көпбалалы аналар әкімдік қақпасынан қайтты

Ақпанның он сегізінші жұлдызына қараған түні Қызылжарма ауылындағы жеке үйде болған өрт салдарынан бес баласы бар отбасының сегіз айлық қызы көкке "ұшып" кетті.

Времянка жалдап тұрған жас отбасы бір түнде қайғы отына өртеніп қала берді. Өрт сөндірушілер санаулы минуттарда жетсе де, тез тұтанатын материалдардан салынған уақытша үй тілсіз жауға толығымен күйреп, отбасы періштесімен қоса бар мүлкінен айырылды. 28 жастағы келіншек пен төрт баласы ауруханаға жеткізілді, анасы мен үлкен қызы қатты күйік алса, үш бала көмірқышқыл газына уланып қалды.

Бүгінде қайырымды тұрғындар жас отбасына көмек ретінде қаражат жинауды бастады. Жергілікті билікте уақытша баспанамен және басқа да әлеуметтік жағдайына көмек беруді қолға алған. Десе де, ауруханада жатқан отбасы мүшелері қалыпқа келсе де жан жараларының жазылуына әлі де уақыт керек. Осы оқиғадан кейін, тұрғын үйге мұқтаж, пандемия жағдайында балаларын тәрбиелеу қиынға соққанын айтқысы келген көпбалалы аналар облыс әкімдігіне барып, балаларының өмірі үшін алаңдайтындарын, атқарушы биліктің бұндай жағдайды болдырмау мақсатында не істеуге дайын екендіктерін білмекші болды.

Бірақ оларды қақпадан ары қарай жібермеді. Аналардың шағымын қақпа күзетшісінен басқа ешкім естіген жоқ.

- Арзан жалдамалы үйде тұрамыз. Әлеуметтік төлемдер аз, тұрғын үй кезегі жылжымайды, жалпы бұл жерге келгендердің әрқайсысының өз тарихы бар, - дейді Гүлмира есімді келіншек.

Ал қызылордалық көп балалы аналардың бірі, белсенді Сандуғаш Тұрлыбекова әлеуметтік желіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға үндеу жариялады.

"Кішкентай бала бесікте жанып кетті. Бұған не дейсіз? Жүрегіңіз ауырмай ма? Ең болмаса баспана алуына септігіңізді тигізіңіз" деген ол, облыс әкіміне әйел ретінде қайғырған ананы жұбатуды ұсынады.

"5 балалы отбасының жалдамалы времянкасы өртенді. Емізулі баласын үйі өртенгенде анасы алып шыға алмады. 4 баласын өрттен құтқарып, кішкентай бөбегін құтқара алмады, бесікте жатқан періште өртеніп кетті. Обалдағы-ай осындай жалдамалы времянкада 5 баламен қаңғып жүрмегенде балалар аман қалар ма еді?! Талай рет әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты. Кішкентай бөбек бесікте жатып шырылдап өртеніп кетті. Сіздің жаныңыз ауырады ма? Мына жағдайдан кейін тағы да бұл отбасы халыққа алақан жайып көмек сұрап отыр. Сіздер қарап отыра бересіздер ме? Ең болмаса қайғысына ортақ болып баспанамен қамтамасыз етсе болмай ма? Болған оқиға тағы қайталанбасына кім кепіл? Осындай осал топтағы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға ешқандай кезексіз баспана беріп үкімет қамқорлығына неге алмайды? Өзімде осындай жағдайды бастан өткіздім.

Халықтың демеушілігімен баспаналы болдым. Сонда қашанға дейін "қайыршы" боламыз. Неге? Мына жағдайды естіп қалай әдемі коттеджіңізде ұйықтайсыз Гүлшара ханым. Жүрек барма? Сізде?

Кеше тағы қаншама ашынған аналар әкімдікке барды, нәресте өртенген қасіретті көрген аналар, балалары үшін қорқады. Ашу-ыза кернеп тұрған аналарды түсінемін. Біз қандай мемлекетте тұрамыз? Естіп жүрегім ауырып кетті, аймақ басшысы ретінде, қайғы жұтқан анаға барып қолдасаңыз болмай ма?", деп жазба қалдырды.

Шынын айту керек, қоғамның "Облыс әкімі оқиға орнына сол күні неге бармады?" дегенін түсінуге де болатын шығар... Қанша дегенмен, мұндай жағдайда халық биліктен батыл әрекет күтеді ғой. Бірақ, облыс әкімі ата-анасына, жақындарына көңіл айтты, қайғыларына ортақтасты. Өте ауыр қаза. Алайда Алланың жазғанына көнбесе шара жоқ. Бұл оқиға билікке де, қарапайым халыққа да сабақ болуы тиіс.

Өрттен зардап шеккен отбасы ауруханадан шыққан бойда дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев брифингте хабарлады.

- Қала әкімдігі оқиға орын алған бойдан шұғыл әрекет жасап барлық көмектерді қарастырды. Отбасы ауруханадан шыққан бойдан дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Сонымен қатар, қажетті азық-түлік, төсек орындар, киім-кешектер және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі, - деді Елмұрат Рахматуллаев.

Отбасы 2018 жылы көпбалалы санатымен үй кезегіне тіркеліп, қазіргі уақытта 1230 кезектілікте тұрғандығын айтып, уақытша баспанада үй кезегі келгенше тұра алатындығын жеткізді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу