Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына 5 мың білім гранты бөлінеді. Бұл туралы бүгін Ақордада БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім гранты бөлінетін болады. Әзірше 5 мың, одан кейін бұл жүйе жұмыс істейтін болса, көре жатармыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл жұмыстың маңызды элементі әлеуметтік аз қамтылған халықтың ішінен талантты балалар мен жасөспірімдерді оқыту және жоғары оқу орындарына түсуге дайындау жүйесі болатындығын баса айтты.