Астанада пластик терезелер құрылымын өзгерту ұсынылды. Бұл кішкентай балалардың көпқабатты үйлерден құлауы санының көбеюіне байланысты, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің медиа орталығы.
Соңғы бес күнде Астанада 2 баланың терезеден құлап кету жағдайы тіркелген. Төртінші қабаттан құлаған екі және жеті жастағы балалардың жағдайы аса ауыр, дейді дәрігерлер.
Терезеден балалардың құлауы жағдайының көбеюіне байланысты дәрігерлер балалар өздері ашып алмауы үшін пластик терезелердің құрылымын өзгерту керектігін айтады.
Шілде айында 10 күнде балалар емханасына 1 658 емделуші барған. Оның ішінде (6-9 шілде аралығында) – 663-і баланың 9-ы биіктіктен құлау жағдайымен ауруханаға түскен.
Дәрігерлер елордада былтырғы жылмен салыстырғанда биыл балалардың жарақат алуы көбейді деп отыр.
Астана қаласының №2 қалалық балалар емханасының травматология бөлімшесінің медициналық көмегіне 2017 жылдың 6 айында әртүрлі жарақаттармен, сүйектердің және бас ми патологиясымен 25 485 бала жүгінген. Өткен жылы осы кезеңде 23 762 жағдай тіркелген. Бұл балалар санының артуымен, урбанизациямен, көліктердің көбеюіне, тұрғындар санының ұлғаюына байланысты.