Көпшіліктің арын таптайтын блогерлерге әкімшілік емес, қылмыстық жаза керек – депутат

317

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы дискриминациялық контентке жедел әрекет ету ұсынылды.  

Көпшіліктің арын таптайтын блогерлерге әкімшілік емес, қылмыстық жаза керек – депутат Фото: amanatpartiasy.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиевтің әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар жандар туралы дөрекі сөйлейтіндердің көбеюіне қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы айларда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалды. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы қорлау, өшпенділік тілі күшейді. Атап айтқанда, осыдан бірнеше ай бұрын блогерсымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды. Екінші мысал. Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық", – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек. 

Депутат әлеуметтік желінің надан адамның қолында қаруға айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. 

"Соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген бар болғаны 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Қаражат шағын, бытыраңқы жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады. Айта кету керек, республикалық бюджетті талқылау кезінде мен инклюзивті бағытты күшейту үшін 11 мемлекеттік органға үш жылға 6,6 млрд теңге (жылына 2,2 млрд) бөлу жөнінде түзету енгізген болатынмын. Алайда сол мемлекеттік органдар "қосымша қаражат керек емес" деген сылтаумен ұсыныс қолдау таппады", – делінген депутаттық сауалда.

Ерлан Әбдиев мүгедектігі бар адамдарға қатысты дұрыс түсінік қалыптастыратын кешенді мемлекеттік коммуникациялық стратегия әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, өшпенділік тілінің алдын алатын, ғылыми негізделген ақпарат беру; 2026 жылға арналған "Кемсітушілікке нөлдік төзімділік" Ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау; әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы дискриминациялық контентке жедел әрекет ету туралы да айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу