Инвестициялар және даму министрлігі баспасөз қызметінің abctv.kz-ке хабарлауынша, Қордай асуын айналып өту учаскесінің 162-260 шақырымындағы жаңа жолдың екінші жағы ашылды.
Ұзақтығы 80 шақырымды құрайтын Қордай асуының айналма жолы Жамбыл облысының Қордай ауданының аумағымен барлық елдімекенді айналып өтеді. Бұған дейін пайдаланылған жол Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қордай, Алға елдімекендерін басып өтетін. Жаңа жол бұрынғы қашықтықты 20 шақырымға қысқартты.
Айналма жол Қордай асуының ұзақтығын 60%-ға азайтты. Бұрын 27 шақырым болған жолдың қашықтығы қазір 17 шақырымды құрайды.
Жобаны "ҚазақЖолқұрылыс" ЖШС ІІ кезеңде жүзеге асырды. Мердігер мекеме жобаның І кезеңінде 2015-2017 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген 8,527 млрд теңгеге 40 шақырым жол салды. ІІ кезеңде 2017-2018 жылдар аралығында қазынадан бөлінген 9,240 млрд теңгеге қалған 40 шақырым тасжол төседі.
Жобаға 400 жұмысшы мен 200 дана жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды.
Айта кетейік, қазір Қордай асуы айналмалы учаскесінің жалғасы болып табылатын "Отар-Ұзынағаш" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталмыш жол құрылысы 2018-2021 жылдар аралығын қамтиды.