Қазақстан-Қырғызстан премьер-министрлерінің кездесуінен кейін 19 қазан түнгі 12-ден бастап екі елдің мемлекеттік шекарасын, әсіресе Қордай бекетінде кесіп өтудің басым тәртібін қамтамасыз ету жөнінде тиісті шешім қабылданған болатын. Бұл іс жүзінде шекара қызметіне қалай әсер етті. Бұл туралы 24.kz. хабарлайды.
Екі елдің үкімет жетекшілерінің келісіміне сәйкес қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер, жеңіл автокөліктер және бос жүк көліктері шекараны кесіп өтудің басым тәртібіне ие.
Қазақстан шекара қызметінің соңғы мәліметіне жүгінсек, 19 қазан түнгі сағат 12-ден бастап 20 қазан түнгі сағат 12-ге дейін, яғни бір тәулік ішінде Қордай учаскесі арқылы 16 мыңнан астам адам мен 2 мыңнан астам көлік өткен.
Қазіргі таңда Қордай шекара бақылау бөлімінің төлқұжат тексеру залында 15-ке жуық оператор жұмыс істеп отыр. Сондықтан құжат тексеру жылдам өтіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік шекараның барлық шебі бойынша жүргізіліп жатқан жоспарлы шекаралық операция әлі жағасуда. 10 қазаннан бастап ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауда күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін жүздеген құқықбұзушылықтар анықталды.