"Қордай" және "Ақ Жол" өткізу бекеттерін ашу мәселесі талқыланды

1219

Қазақстан мен Қырғызстан "Қордай" және "Ақ жол" өткізу бекеттерін ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қордай" және "Ақ Жол" өткізу бекеттерін ашу мәселесі талқыланды

Жамбыл облысында Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қырғызстанның Көлік, сәулет, құрылыс және коммуникациялар министрлігінің өкілдері арасында кездесу өтті. Оған ҚР ИИДМ вице-министрі Берік Қамалиев және ҚР көлік министрінің орынбасары Талант Солтобаев қатысты.

Жиынға, сондай-ақ, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, қос мемлекеттің шекара қызметтерінің және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мердігер ұйымдарының өкілдері қатысты. Тараптар "Қордай" және "Ақ Жол" өткізу бекеттерін ресми түрде ашу мәселесін талқыға салды.

Шара Қырғыз Республикасы тарапынан "Ақ Жол" өткізу бекетіндегі жұмыстар аяқталып, эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде өтеді деп көзделген. Қазақстандық "Қордай" өткізу бекетін реконструкциялау жұмыстары 100%-ға аяқталған.

Айта кетейік, жаңартылған "Қордай" бекетінің өткізу әлеуетін тәулігіне 2500 автокөлік пен 25 мың адамға дейін ұлғайту жоспарланған.

Бұдан бөлек, жұмыс сапары барысында Берік Қамалиев Алматы облысындағы "Ұзынағаш - Отар" республикалық маңызы бар жолдың 63-159 шақырымындағы реконструкция жұмыстарын қарап тексерді. 63-101 шақырымдағы учаскеде мердігер ұйым барлық негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізген. Бұл шаралар толықтай 2021 жылы тәмәмдалмақ. Сондай-ақ, биыл 101-143 шақырымдағы реконструкциялау учаскесінде жаңа мердігерді анықтау үшін байқау өткізу көзделуде. Үшінші учаскеде жаңарту жұмыстары 2020 жылы аяқталған болатын. 143-159 шақырымдағы қозғалыс толықтай ашылды. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша пайдаланушылар тас жолдың жаңартылған 58 шақырым жолымен жүре алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу