Қордайдағы төтенше жағдайдың әлеуметтік сипаты жоқ – Бердібек Сапарбаев

1135

Ауылдар қалпына келтіріледі.

Қордайдағы төтенше жағдайдың әлеуметтік сипаты жоқ – Бердібек Сапарбаев

Жамбыл облысының жаңа әкімі Қордай ауданындағы жағдай жайлы мәлімет берді. Қазір қақтығыс салдарынан болған шығын мөлшері анықталып жатыр.

"Шығын мөлшері әлі белгісіз. Арнайы топ зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірнеше күннен кейін шығын мөлшері анықталып, Үкіметке ұсыныс жасалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған жағдайға байланысты құрылған комиссияның төрағасы болып қаламын", – деді.

Осы мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылған: "Бүгінгі күні осы мәселеге қатысты 25 қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінен құралған ведомство аралық комиссия құрылды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр".

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында неліктен техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын түсіндірді.

"Ол өңірде ештеңе жарылған жоқ. Өздеріңіз сюжеттерден көрдіңіздер, өте көп тұрғын үй өртенді. Сол себепті техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ол ауылдарды қалпына келтіру керек. Бұл төтенше жағдайдың әлеуметтік сипаты жоқ. Айтқанымдай, үйлерді, сауда орындарын, жолдарын қалпына келтіру керек. Тек қаза тапқан адамдардың отбасына Қазақстан заңына сәйкес, әлеуметтік көмек көрсетіледі", – деп түсіндірді.

Жамбыл облысының әкімі Масаншы ауылының 90%-ы бір этникалық топ өкілдері тұратындықтан қандай да бір шара қолданылу-қолданылмауы жайлы айтып өтті.

"Егер әлеуметтік жағдайлар болса, шара қолданып, шешім қабылдаймыз. Кейбір адамдар Масаншы, Сортөбе тәрізді ауыл тұрғындарын көшіруді ойлайды. Ол жердегі тұрғындар қалай өмір сүрді, солай өмір сүре берулері керек. Ең бастысы келісімге келіп, бейбіт өмір сүру керек", – деп сөзін қорытындылады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу