Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корей бизнес форумында медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның GL Rapha компаниясы Алматыдағы биофармацевтика зауытының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кореялық серіктестерімен жасанды интеллект технологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
– Астана халықаралық қаржы орталығы біздің бәсекеге қабілетті инвестициялық ортамыздың берік негізі саналады. Біздің аймақтағы бұл бірегей алаңда әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының артықшылықтары барынша ескерілген. Бүгінде АХҚО-да әлемнің ондаған елінен екі мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан 20-ға жуық компания бар. Біз қаржы технологиясы, IT, активтерді басқару және лизинг салаларында мұндай компаниялардың саны көбірек болғанын қалаймыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы толыққанды екінші деңгейлі банкке айналуын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе.
Сондай-ақ, ол бүгінгі форум екі елдің күш-жігерін біріктіруге және табысты кооперациясына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Бүгін мен K-Silk Road тұжырымдамасын толық қолдайтынымызды айттым. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тұжырымдама. Қазақстан аталған бағдарламаны іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Президент мырзаның айтуынша, келесі жылы осы тұжырымдаманың аясында Кореяда саммит өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан бұл жиынға жан-жақты атсалысады деп ойлаймын. Қазақстан Үкіметі елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компаниялар мен инвесторларға қажетті қолдау көрсетеді, – деді Президент.